ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – «Қызылорда жылу электр орталығында» апатты жағдай орын алған жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингіде «KEGOC» АҚ өкілі Тілеуберген Қаныбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
16 наурыз күні кешке Қызылорда қаласы мен облыстың 5 ауданы жарықсыз қалған болатын. 220 кВ кернеуінің күрт төмендеуінен электр энергиясы ажыратылған.
Мәлім етілгендей, жарық кезең-кезіңімен беріліп, таңғы 08.30-ға дейін толықтай қалпына келтірілді.
«Кеше әлеуметтік желілерде «Қызылорда жылу электр орталығында» апатты жағдай орын алғаны туралы ақпарат – жалған. Алайда Жамбыл облысындағы «KEGOC» ұлттық операторының 220 кВ желісінде апатты жағдай орын алды. Сол себепті оңтүстік өңірлерде жарық болмады. Қазіргі уақытта шектеу алынды, электр энергиясы қалпына келтірілді. Орын алған жағдайға байланысты комиссия құрылып, ажыратулардың себебін тексеруде», - деді «KEGOC» АҚ-ның өкілі Тілеуберген Қаныбетов.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.