Қызылорда қаласын газдандыру 95 пайызға жетті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні Қызылорда қаласын газдандыру жұмыстары 95 пайызға орындалды.

Бұл туралы қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халық алдында берген есебінде мәлімдеді, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Шаһар басшысының айтуынша, халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Екі жыл бұрын Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округінде газдандыру жұмыстарына 2 млрд 157 млн. теңге бөлініп, 4 мыңнан астам тұрғын үй, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар көгілдір отынмен қамтылды.

Ал былтырғы жылы Талсуат ауылдық округін газдандыру үшін облыстық бюджеттен 271 млн теңге қаралып, 500-ге жуық тұрғын үйге, 3 әлеуметтік нысанға табиғи газ тартылды.

Нәтижесінде қаланы газдандыру көрсеткіші 95 пайызды құрады.

Сондай-ақ Н.Нәлібаев мәлім еткендей, ҚР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында соңғы төрт жылда қала бойынша 3 млрд 61 млн. теңгеге көпқабатты 121 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті.