Қызылорда қаласында биыл балаларға арналған 30 ойын алаңы салынады
Бұл жұмыстар «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Қазіргі таңда 18 нысанның құрылысы толығымен аяқталды. Қалған 12 алаңды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар қала бойынша 60-тан аса ойын алаңына жөндеу жүргізілуде.
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында облыс орталығында жүзеге асып жатқан құрылыс сапасына бақылау жүргізді. Қала басшысы алдымен «Ақмешіт» шағынауданындағы №28 үйдің ауласына салынған балалар ойын алаңының сапасын тексерді. Қазір алаң толығымен заманауи талаптарға сай, қауіпсіз әрі сапалы. Бұл жұмысқа тұрғындар алғысын білдірді.
Облыс орталығын аралау барысында қала басшысы аталған шағынауданға қарасты №26, 27 үй тұрғындарымен кездесті. Олар тарапынан айтылған мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырма берілді. Тапсырма 10 күннің ішінде орындалуы тиіс екеніне назар аударды.
Одан әрі қала әкімі облыс орталығының орталық бөлігіндегі Ғ.Мұратбаев көшесі №4 мекенжайында салынған спорт-жаттығу алаңына барды. Жобаны «Ақмар және К» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылыс жұмыстары негізінде 18 адам еңбекпен қамтылған.
Ал Тасбөгет кентінде орналасқан стритбол алаңында құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Аталған нысанға тас төселіп, қажетті спорт жабдықтарына тапсырыс берілген.
Сондай-ақ, Қызылордада азық-түлік бағасы бақылауда.