ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында ауа-райының қолайсыздығына байланысты бүгін, 15 ақпанда 0-4 сыныптар аралығындағы оқушылар онлайн оқиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Соңғы тәулікте Қызылорда қаласында ауа райы құбылып тұр. Қар жауып, жолдың тайғақтығы аңғарылды.
Осыған байланысты қалалық білім бөлімі төменгі сынып оқушылары қашықтықтан оқытылатынын хабарлады.
«Қызылорда қаласы бойынша ауа райының қолайсыздығы байқалып отыр. Осыған байланысты 15 ақпанда 0-4 сыныптар аралығындағы оқушылар қашықтан оқытылады. Нәтижесінде қаладағы 55 мектеп пен жеке мектептердің бастауыш сыныптары сабақты қашықтан оқиды», - деп жазылған қалалық білім бөлімі таратқан хабарламада.
Еске салсақ, бұдан бұрын еліміз бойынша тұман, көктайғақ болатыны хабарланды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.