Қызылорда қаласында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында 450 адам қайта даярлау курстарынан өткізіледі

None
ҚЫЗЫЛОРДА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Биылғы жылы «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында 450 адам қайта даярлау курстарынан өткізу, 400 қала тұрғынын әлеуметтік жұмыс орнымен қамту, 320 жасты жастар тәжірибесі арқылы еңбекке тарту көзделуде.

Бұл жөнінде қала әкімдігінде өткен мәжілісте қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Серік Дүйсенбаев хабарлады.

Мұнан өзге, бағдарлама аясында ауылдық елді мекендерде тұратын 80 адамға кәсіпкерлікпен айналысуға несие беріліп, 55 тұрғынды кәсіпкерлік негізіне оқыту жоспарлануда.

Сондай-ақ, бағдарламаның ауылдық елді мекендерді дамыту бағыты бойынша қалаға қарасты үш ауылдық округтің Қызылжарма, Ақжарма, Қосшыңыраудың көшелері жөнделетін болады.

Халықтың әл-ауқатын көтеруді мақсат тұтқан бағдарламаның маңыздылығына тоқталған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сала басшысына бағдарлама аясында оқытуға және әлеуметтік жұмыс орындарына тұрмысы төмен отбасыларынан адамдарды көбірек тартуды және бағдарламаны сапалы жүзеге асыруды тапсырды.