14:04, 29 Қазан 2013
Қызылорда қаласында жыл басынан бері жаңадан 3150 жұмыс орны ашылды
ҚЫЗЫЛОРДА. 29 қазан. ҚазАқпарат -Қызылорда қаласында 2013 жылдың 9 айында 3150 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен мәжілісте қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова хабарлады.
«Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша Қызылорда қаласында 2013 жылдың 1 қаңтарына экономикалық белсенді халық саны 110,7 мың адам, жұмыссыздық деңгейі - 4,7 пайыз, республикалық көрсеткіштен 0,6 пайызға төмен», - деді ол. Биылғы жылдың 9 айында қалада 3150 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде: ауыл шаруашылығында - 8, өнеркәсіпте - 234, құрылыста - 56, көлік және байланыста - 824, саудада - 395, білім беру - 115, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерде - 102, қалғандары басқа салада. Сондай-ақ, жыл басынан 3201 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Мұнымен қоса, қоғамдық жұмыстарға жыл басынан 1920 адамға қалалық бюджеттен 119,5 млн. теңге бөлінді. Осы орайда, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кент және ауылдық округ әкімдеріне жұмыстарының негізгі көрсеткіші жаңа жұмыс орындарын аша отырып, салық базасын ұлғайтумен бағаланатындығын баса айтты және бұл бағыттағы шараларды күшейтуді тапсырды.