Қызылорда қаласындағы сайлаушылар дауысын қабылдау №185-ші сайлау учаскесінде қызу жүріп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда қаласында ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысып жатқан сайлаушылар дауысын қабылдау М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжде орналасқан №185-ші сайлау учаскесінде де қарқынды жүруде.

Бұл сайлау учаскесінде 1966 сайлаушы тіркелген. Ел ертеңі үшін маңызды шараға қатысуға әрбір сайлаушы мүдделі. Сайлау учаскесі төрағасының айтуынша, сайлаушылардың қатысу белсенділігі жоғары.

Дауыс беру дәл осы қарқынмен жүрсе, белгіленген уақытқа жетпей-ақ, бұл жердің сайлаушылары толықтай өз дауысын беріп болады.

Сайлауға қатысушылардың қатарында өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген азамат, облыстық мәслихат депутаты Сәмит Далдабаев та бар.

Сәмит Далдабаев - облыстық мәслихат депутаты:

- Биылғы кезектен тыс президенттік сайлаудың өз ерекшеліктері бар. Соның бастысы, қоғам үшін маңызды шара ел тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Демек, бұл сайлау ел тарихында елеулі орын алып қалары сөзсіз.