Қызылорда қаласының әкімдігі жаңа ғимаратқа көшті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Кеше облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы қала әкімдігінің қызметкерлерімен: қала басшылығы, дербес бөлім басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдерімен кездесіп, жағымды жаңалығын жеткізді.

Облыс әкімдігінің жаңа ғимаратқа көшуіне байланысты жарты ғасырлық тарихы бар облыс әкімдігінің бұрынғы ғимаратына қала әкімдігі, қалалық мәслихат орналасатын болды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкімдік ғимараты - Кеңес заманында облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары болған Мұстахым Ықсанов, Хасан Бектұрғанов, Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов, Еркін Әуелбеков, Сейілбек Шаухаманов ағаларымыздың, тәуелсіздік жылдарында облысты басқарған Бердібек Сапарбаев, Серікбай Нұрғисаев, Икрам Адырбеков, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Болатбек Қуандықовтардың тұсында және қазіргі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен аймаққа, өңір тұрғындарына қатысты талай маңызды шешімдер қабылданған құтты мекен.

Мемлекеттік органдардың ішінде жүгі ауыр саланың бірі - қала әкімдігі. Тұрғындардың күнделікті тыныс-тіршілігінің қалыпты деңгейде, үзіліссіз жүргізілуі қала әкімдігі мен әкімдікке қарасты құрылымдардың қызметіне тікелей байланысты.

Осы ретте, аймақ басшысы қала әкімдігіне ұдайы қолдау көрсетілетіндігін жеткізе отырып, жаңа ғимаратта абыройлы қызмет етуге тілек білдірді.

Бүгіннен бастап Қызылорда қаласының әкімдігі жаңа ғимаратқа көшуде.