Мерекелік шараға 200-ге жуық нәзік жандылар қатыстырылды.
Олардың ішінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Еңбек ардагерлері, батыр аналар, білім, спорт және мәдениет саласының үздіктері, ұлттық-мәдени орталықтардың мүшелері, журналистер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, білім беру мекемелері секілді әр түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер бар.
Шара барысында қала әкімі Н.Нәлібаев: «Жыл мезгілінің ең ғажайып кезеңі, көктемнің шұғылалы шуақты күнінде Сіздерді және Сіздер арқылы барша аналарымыз бен аруларды төл мерекелеріңіз - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын», - деп, тілегін жеткізді.
Мұнан әрі ол: «Сіздерге құрметіміз шексіз. Бұл біз үшін аналарымыздың алдындағы перзенттік парызымыз, жалпы нәзік жандылардың алдында ер азамат ретінде міндетіміз деп білемін. Анасын асылым деп санайтын, апа - жеңгелерін қымбатына балайтын, қарындасын қарлығашым деп қадірлейтін, өмірінің қосағы - сүйікті жары мен тәтті сезімінің жемісі өз қызын жанындай жақсы көретін ерлер қауымының барлығына ортақ сезім бұл.
«Отан - отбасынан басталады», сондықтан да отбасы мен қоғам жүгін қайыспай көтеріп жүрген Сіздердің бұл еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық.
Сіздерге деген құрметіміз, барлық ыстық ықыласымыз бен ілтипатымыз тек мереке күндері ғана емес, мәңгілік мақсатымыз және тұрақты ұстанымымыз болып қала бермек», - деді.
Өз кезегінде, салтанатты шараға қатысқан ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектер Сыр өңірінің бас шаһары - Қызылорда қаласында соңғы жылдары атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында, өңірімізде орын алған оң өзресітерге тоқталып, осы мақсатта қызмет етіп жүрген барша азаматтарға алғыстары мен аналық ақ тілектерін жеткізіп жатты.
Салтанатты жиын барысында жергілікті өнерпаздар барша қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйласа, бүлдіршіндер де аяулы жандарға әсем әндерін арнады.
Қатысушылардың барлығына қала әкімі арнайы сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстады.