Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Балдырған Мәмен хабарлады.
«Кездесудің ерекшелігі - әр сайлау округінен келген тұрғындардың өкілдері өздері тұратын аумақтың өзекті мәселелерін айта келді.
Сауалдардың басым бөлігі ауыз су, техникалық су, жол жөндеу жұмыстары мен балалар ойын алаңын салуға және қоғамдық көлік мәселесін реттеуге қатысты болды», - делінген хабарламада.
Н.Нәлібаев тұрғындардың қойған сауалдары бойынша бүгінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, күрмеуі қиын проблемалар бойынша сала басшыларына тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
Жекелеген мәселелер жедел шешімін тауып жатты. Мәселен, теміржол вокзалы аумағында тұратын Рыстай Құрбанов ақсақалдың Сүлейменов - Әуелбеков көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату өтініші бойынша оң шешім сол мезетте қабылданды.
Қаладағы қоғамдық көліктердің сын көтермейтіндігін айтқан қала басшысы жолаушылар көлігі мәселесін реттеу мақсатында жарияланған ашық конкурсқа бірде-бір мекеменің қатыспауына орай, конкурс қайта өткізілетіндігін, жеңімпаз мекеме анықталғаннан кейін, қоғамдық көліктердің жұмысы жүйеленіп, жолға қойылатындығын жеткізді.
Мұнан өзге, облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен бөлінген 500 млн.теңгеге қалаға жаңадан үлкен сыйымдылықтағы 20 автобус алынып, база ашылатын болады.
Кездесу соңында қала басшысы сала басшыларына тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселелерді назарға алып, оларды шешу бағытында жұмыстар атқаруды жүктеді. Кездесуде 40-қа жуық сауал қойылды.