Қызылорда қаласының депутаттары әкім жұмысына оң баға берді

ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қызылорда қалалық ІV шақы­рылған мәсли­хатының сессия­сында қала әкімі Мархабат Жайымбетов ин­дустриялық-иннова­ция­лық жоба­лардың жүзеге асырылу барысы туралы есеп берді.

Әкім қала төңірегінде жасал­ған жұмыстардың нәтижесі мен алда­ғы міндеттерге тоқ­талды. Ол ин­дустриялық-инновация­лық сала бойын­ша іріктелген 17 жоба­ның бүгін­де төртеуінің іске қосыл­ған­дығын сөз етті. Бұлардан бөлек, «Қызыл­орда газ» серіктестігінің қуаттылығы жылына 2400 тонна газ өндіретін, жоба­лық құны 73 млн. теңге болатын өнді­ріс орнының ашылатындығын баянда­ды. Алдағы 3 жылда өнеркәсіп сектор­ларында жалпы құны 53 млрд. 214 млн. теңге болатын 13 өндіріс орны іске қосылып, 1638 адам маман­дан­ды­рылған кәсіпке тартылатын болады.

Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар атқарылған жұмыстарға тоқталған қала әкімі еліміз­дің оңтүстік өңірлерінен бүгінге дейін 100 тоннаға жуық көкөніс жеткізіліп, арзан бағамен сатылған­дығын тілге тиек етті. Көтерме сауда базарларын­дағы азық-түлік өнімдерінің бағаларына тұрақты мониторинг жүргізу үшін «КазАгро Маркетинг» АҚ-мен меморандумға қол қойылды. Осы құжаттың нәтижесінде өзге өңірлермен салыстырмалы түрде бағаларды реттеп отыратын стацио­нарлық орталық ашылатынын атап өтті. Сонымен қатар жылыжайлар шаруашылығын жетілдіру мақсатында Ақжарма елді мекенінде құрылысы жүріп жатқан 7 жылыжай тамыз айын­да іске қосылатындығын хабарлады.

Облыс ор­талығындағы ауызсу жүйе­лерінің тозығы жеткен бөлігін бір мау­сымда жөндеп, ауыстырып шығу мүмкін емес. Сондықтан да бұл мәсе­лені республикалық деңгейге шығарып сатылап ауыстырамыз. Биыл­ғы 22 ша­қырымға жуық ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту көзделсе, қазіргі уақытта нақты 16 шақырым ауызсу жүйелері қайта жаңғыртылды, - деді әкім.

Қаланың тазалық жұмыстары бас­ты назарда бола­тындығын жеткізген қа­ла басшысы күн сайын 800 текше метр күл-қоқыс шығуға тиіс болса, со­ның 300-350 текше метрі ғана жи­на­лып тасталатынын, оның үстіне қаладан жи­налған қоқыс арнайы полигонға жет­кі­зілмей, дария жағасындағы бос жат­қан ескі өнеркәсіп орындарына төгі­ле­тінін сынға алды. Бұдан әрі ол қысқы маусымға дайындық жайын таныс­тыр­ды. Жылу энергия көздерін және тұр­ғын үй секторын ілеспе газға көшіру жобасының екінші кезеңінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

Білім беру саласы бойынша биылғы оқу жылына Қарауылтөбе елді меке­ніндегі 250 және Сырдария шағынауданындағы 1248 орындық жаңа мектептер пайдалануға беріледі. Жыл аяғына дейін 6 шағын орталық және 3 жеке балабақша ашылып, осыған дейін өзге мекемелер меншігінде болған тағы 2 балабақша ғимараты қайтары­лады.

Қаланың мәдени өміріндегі маңыз­ды мәселе демалыс саябағының жайын сөз еткен әкім арғы бетте демалыс орын­дарын ашатындығын айтты.