«Рухани жаңғыру» орталығының мамандары жақында аталмыш мектепте арнайы шара өткізіп, онда Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенттері мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жыршылары өнер көрсетті. Концерттік бағдарламадан кейін оқушылар музыкалық өнерге үлкен қызығушылық танытып, ұлттық аспаптар оркестрін құру жөнінде ұсыныс білдірген. Ұсыныс қолдау тауып, балалар өнер ұжымының тұсауы кесілді.
«Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияға 10 үкілі домбыра сыйға берілді. Біздің өтінішімізді қабыл алған кәсіпкер Балтабай Ибраев пен «Қолөнер» орталығының шеберлері 10 домбыраны айналасы бір аптада жасап шығарды. Мектеп директоры Данабек Әбдраимов болса оқушыларға күй тартуды өзі үйретуге кіріскен. Сөйтіп мектептің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлттық аспаптар оркестрі құрылды. Оған қоса, мектепте «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды», - дейді облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Гүлмира Әшірбекова.
Әділет Қаңтарбаев