Қызылорда мен Қарағандының арасында әуе қатынасы ашылды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Өткен жексенбіден бастап Қара­ғанды-Қызылорда-Қарағанды әуе қатынасы ашылды. Оны француздың «Asіa Wіngs» («Азия Вингз») авиакомпания­сы жүзеге асырды. Енді бұл екі аралықта компанияның ATR 42-300 ұшақтары қатынай бастады.

Аталмыш компания ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің әуе қатынасы бойынша өткізген конкурс қорытындысымен жеңімпаз деп танылған.

«Қорқыт ата» әуе жайы» АҚ директоры Қайдар Нұрлыбаевтың айтуынша, Көлік және коммуникация министрлігі нұсқауына сәйкес Қазақ­стан авиациясы үстіміздегі жылдың соңына дейін кеңестік әуе кемелерінен арылып, шетелдік ұшақтар қызметін пайдаланады.

Турбовинтті ATR 42-300 әуе кемесі Еуроодақтың біріккен авиация әкім­шілігінің (EASA) бүгінгі қойып отырған талаптарына толығымен жауап береді. Оның ұшар кездегі ең жоғары салма­ғы 16,9 тонна болса, жылдамдығы сағатына 470 шақырымға тең. Бор­тына 46-48 жолаушыны сыйғызатын ұшақ 7200 метр биіктікке самғайды. Бұл мәліметтер туралы айтқан «Asіa Wіngs» авиакомпаниясының өкілі Владимир Носочев ұшақтар бол­гарлық «Hemus Aіr» авиаком­пания­сынан жалға алынғанын жеткізді. Олар жолаушылар үшін өте ыңғайлы және кеңестік кезеңдегі техникалармен салыстырғанда екі еседей үнемді. Әзірге рейстерді болгарлық экипаж­дар басқаруда, әйтсе де алдағы уақытта қазақстандық мамандар да дайындалатын болады. Қарағандыға дейінгі билет құны 12 мың теңге, кеншілер қаласы аралығында әуе байланысы сейсенбі және жексенбі күндері жүзеге асырылады.