Қызылорда мен Қостанай облыстарының тұрғындарын дәрі-дәрмектер туралы ақпарат аз қызықтырады

None
АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат - 2012 жылдың бірінші тоқсанында республиканың дәрі-дәрмек орталығына (ДАО) 5 мыңнан астам қазақстандық қоңырау шалып, ақпарат алды.

Бұл туралы Денсаулық сақтауды дамытудың республикалық орталығынан хабарлады.

Таратылған ақпаратқа сүйенсек, ДАО қызметіне көбінесе Астана қаласының (20 пайыз)  және Оңтүстік Қазақстан облысының (17 пайыз) тұрғындары қоңырау шалған. Ал Қызылорда мен Қостанай облыстарының халқы дәрі-дәрмектер туралы қосымша ақпараттарды аса қажет етпейтіндіктерін байқатты.  

Мәліметтерге сәйкес, түскен өтінімдердің 40 пайызы дәрі-дәрмектерді қолданумен байланысты болды. Адамдарды дәрі-дәрмектердің бағасы көбірек қызықтырды. Бұл мәселе бойынша әр бір үшінші қазақстандық қоңырау шалды. 14 пайызы кепілденген тегін медициналық көмектің көлеміне кіретін дәрі-дәрмектердің тізімін білгісі келді.

Кепілденген тегін медициналық көмек көлемі шеңберіндегі тегін дәрі-дәрмектерді алуға азаматтардың құқығы жайлы қолжетімді, дәйекті әрі тегін ақпаратты, сонымен қатар дәрі-дәрмектерді дұрыс қолдану туралы және тағы басқа ақпараттарды www.druginfo.kz сайтынан немесе 8 800 080 88 87 (ҚР бойынша қоңырау шалу тегін) нөміріне қоңырау шалу арқылы білуге болады.