Қызылорда менингококк инфекциясына қауіпті аймақ саналмайды - басқарма басшысы

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда менингококк инфекциясы бойынша қауіпті аймақ қатарынан саналмайды. Бұл жөнінде облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ұлбосын Аханаева ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

«Менингококк инфекциясы негізінен ауа райы ылғалды аймақтарда кеңінен таралады. Ал Қызылорда облысы мұндай аймақтар қатарында саналмайды. Бізде ауа райы құрғақ, көбінесе ыстық болатыны белгілі. Сондықтан аймақта менингококк инфекциясы кеңінен тарап кетеді деп қауіптенуге ешбір негіз жоқ. Ал Астана, Алматы қалаларында жиі жауын жауып, ылғал деңгейі жоғары болады», - деді Ұ.Аханаева.

Менингококк жұқпасы бойынша Қызылорда облысында бұған дейінгі жылдарда да деректер тіркелген. Атап айтқанда, 2015 жылы 4 оқиға орын алған. Оның 1-і - Жаңақорғанда, 3-еуі Қызылорда қаласында анықталды. Ал 2016 жылы - бір ғана жағдай тіркелсе, 2017 жылы бұған байланысты ешқандай дерек кездескен жоқ.

Естеріңізге сала кетелік, 31 мамыр күні Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында 1991 жылы дүниеге келген азамат менингиттің алғашқы белгілерімен аудандық ауруханаға жатқызылды. Науқаспен қарым-қатынаста болған 11 азамат анықталып, бүгінде олар дәрігерлердің үнемі бақылауында. Сондай-ақ науқастың отбасы мүшесінің біреуі алдын алу мақсатында аудандық ауруханаға жатқызылып, оған тиісті тексеру жұмыстары жасалуда.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, дәл қазір 1991 жылғы азамат менингококк инфекциясының алғашқы белгілеріне байланысты толық тексеруден өткізілуде. Оған нақты диагноз қойылған жоқ. Науқас облыстың және аудан дәрігерлерінің тұрақты бақылауында, 

Фото: ru.kyzylorda-news.kz