Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті сессиясы мал шаруашылығы мәселесіне назар аударды

ҚЫЗЫЛОРДА. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облыстық мәслихатының үшінші сессиясы болып өтті. Ол негізінен мал шаруашылығын өркендету мәселесіне арналды.

Сессияда облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов «Аграрлық саланы дамыту мен қолдау шаралары туралы» баяндама жасады. Ол өз сөзінде саладағы оң өзгерістер жайына тоқталды. Атап айтқанда, мал шаруашылығын өркендетуге соңғы жылдары айрықша көңіл бөлініп келеді. Мал тұқымын асылдандыру бағытында айтарлықтай нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Осы ретте мал өнімдерін молайтуға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше мән беріліп отыр. Облыста осы бағдарламаны жүзеге асыруға қатысуға 124 фермерлік шаруашылық ықылас білдірді. Олардың 29-ы «КазАгро» жүйесі бойынша несиелік ресурстар алды. Осы қаржыға 1600 бас ірі қара малы сатып әкелінді. Бұл аймақта сүт бағытында да, ет бағытында да жанды жұмыстардың қолға алынғанын байқатады.  Қызылорда қаласында «Қызылорда» сауда-логистикалық орталығы жұмыс істейді. Оның өзіндің инфрақұрылымы қалыптасқан. Орталықтың күшімен өткен жылы аймақта үлкен азық-түлік қоймасы салынды. Ол биыл 3250 тонна азық-түлік сақтай алады. Бұлардан бөлек облыста жылыжай жүйесін дамытуға қатты көңіл бөлінуде. Осының арқасында былтыр 24 жылыжай пайдалануға берілді, ал қазір Қызылордада тағы 50, Арал ауданында 4 жылыжай салынып жатыр. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында да айтарлықтай пәрменді жұмыстар қолға алынды. Биылғы жылы балық өнеркәсібін қалпына келтіру бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, көлдер жүйесін реттеу мәселесі жүзеге асырылмақшы. Балықты өңдеу саласындағы жұмыстар біртіндеп қалыптасып келеді. Өткен жылы Индустрияландыру картасы негізінде қолға алынған балық өңдеу цехтарының қуаттылығын арттыру жұмыстары тағы жалғасын табады.

Сессияда жергілікті өнімдердің бәсекеге қабілетін арттыру мақсатында ветеринарлық-алдын алу шараларын жақсартуға да мән беріле басталғаны айтылды. Облыста бірінші рет қазіргі заманғы энзотехникалық шаралар өткізуге арнайы қаржы қарастырылды. Мал шаруашылығының жемшөп қорын ұлғайтуға байланысты жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Былтыр Қызылордада тәулігіне 80 тонна өнім беретін құрама жем шығару зауыты іске қосылды. Сондай-ақ Сырдария ауданында арнайы тұқым шаруашылығы құрылды. Ол жоңышқа тұқымын өндірумен айналысады. Баяндамашы сонымен қатар жерді тиімді пайдаланбаушылық, топырақтың тұздануы секілді мәселелер бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Сессияда бұдан да басқа мәселелер талқыланды.