Қызылорда облыстық прокуратурасы 9 айда жемқорлыққа қатысты 13 млн. теңгені мемлекетке қайтарды
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында жүргізілген 76 тексерудің нәтижесімен енгізілген прокурорлық ықпал ету актілерінің негізінде 39 лауазымды тұлғалар тәртіптік, 3 тұлға әкімшілік жауапкершіліктерге тартылды. Олардың ішінде сыбайлас жемқорлық сипатында құқық бұзушылыққа жол бергендері үшін аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімінің аппарат жетекшісі, білім беру ұйымдарының басшылары, қала, аудан әкімдіктеріне қарасты бөлім бастықтары және облыстық департаменттің бөлім бастықтары және лауазым иелері тәртіптік жауапкершіліктерге тартылды», - делінген хабарламада.
Негізінен сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар мемлекеттік сатып алу конкурстарын жүзеге асыру барысында орын алады. Мысалы, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу барысында заңды тұлғаға артықшылық көрсетіп, сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық жасағаны үшін аудандық құрылыс бөлімінің басшысы қызметінен босатылған.
Мемлекеттік бюджетке 13 млн. теңгеден астам қаржы өндірілді.
Сонымен қатар, прокуратура органдарымен жүргізілген тексерулердің нәтижелерімен мемлекеттік қызметшілерге қатысты сыбайлас жемқорлық сипатында 5 қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.