Қызылорда облыстық жол полициясында 5 982 654 теңгеге толтырылған 647 түбіртектің жалған екендігі анықталды
19:53, 11 Наурыз 2013
ҚЫЗЫЛОРДА. 11 наурыз. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық жол полициясы инспекторлары толтырған 647 түбіртектің жалған екені анықталды. Осыған орай 5 982 654 теңгенің заңсыз алынғаны айғақталды. Бұл туралы бүгін өткен облыстық прокуратураның алқа мәжілісінде айтылды.
Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті 2013 жылдың өткен мерзімінде тергеуге дейінгі тексеру амалдарын жүргізу барысында «Қазпошта» АҚ облыстық филиалынан әкімшілік айыппұл төлеу жөніндегі күмәнді барлық түбіртектерді алып, сот сараптамасын тағайындаған. Оның қорытындысында 5 982 654 теңгеге толтырылған 647 түбіртектің жалған екендігі анықталған. Осыған байланысты биылғы қаңтар айында аталған мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалды.