Қызылорда облысы: 2017 жылы Жаңақорғанда көпқабатты 16 үй бой түзейді
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Ғалым Әміреев мәлім етті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Оның айтуынша биылғы жылдың 11 айында өнеркәсіп саласында 101645,2 млн теңгенің өнімі өндірілген. Бүгінгі күні индустрияландырудың өңірлік картасына ауданнан құны 1,747 млрд теңге болатын 4 жоба еніп отыр. Атап айтқанда, қиыршық тас зауыттары - «Қазпром - Қызылорда Компаниясы» ЖШС, «КДСМ Қыран» ЖШС, «УАД» ЖШС және томат өнімін өндіретін «Тату Агро» шаруа қожалығы. Сондай-ақ жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ-U» ЖШС индустрияландырудың республикалық картасына енген.
2016 жылдың 1 желтоқсанындағы мәлімет бойынша, аудан бюджетінің жалпы түсімі 99,6 пайызға орындалып, өз кірістерінің орындалуы 98,2 пайызды құраған.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде ауданда бірнеше жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Соның бірі, 2017 жылы Жаңақорған ауданында 16 көпқабатты тұрғын үй салынатын болады. Қазірдің өзінде халықтан 300-400 пәтерге сұраныс түскен. Бұған кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған гранттық қаржыландыру шеңберінде 30 миллион теңге қарастырылған», - деді аудан әкімі.