Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Сондай-ақ осы күні аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Нұржан Әлібаевты қабылдап, «СК-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы болып тағайындалған жаңа қызметімен құттықтады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

- Н.Нұрмағамбетұлының қарамағында ең маңызды салалардың бірі - инфрақұрылым болды. Инфрақұрылымдық коммуникация дамымай, аймақтың ілгерлеуі мүмкін емес. Нұржан Нұрмағамбетұлы жұмыс істеген кезде облысымызда су және газбен қамту, Қызылорда әуежайына халықаралық мәртебе берілуі, халықаралық «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының, «Бейнеу-Бозой» магистралының құрылысы сияқты бірқатар ауқымды жоба жүзеге асып, инвестициялар тартылды, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Нұржан Әлібаев өз кезегінде көрсетілген құрметке алғысын білдірді.

Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін аймақ басшысы Н.Әлібаевқа Қызылорда облысының Құрмет громатосын табыстады.

Айта кетейік, Әлібаев Нұржан Нұрмағамбетұлы, 1967 жылғы 5 наурызда Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келген.

Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «металл кесетін станоктар мен аспаптар», «Әулие-Ата» Халықаралық бизнес университетін «қаржы және несие» және М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «юриспруденция» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1984 жылы Арал қаласындағы Кеме жөндеу зауытында І санатты слесарь-жинаушы болып бастаған.

1985-1987 жылдары Кеңес армиясында борышын өтеген;

1987-1988 жылдары Арал қаласындағы Кеме жөндеу зауытында ІІ санатты слесарь-жинаушы;

1988-1992 жылдары Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенті;

1992-1995 жылдары «КазТЕЛМА» ЖШС-нің менеджері;

1995-2001 жылдары «Анико» ЖШС-нің директоры;

2001-2002 жылдары Тараз қаласы әкімінің орынбасары;

2002-2003 жылдары «Тараз-2000» Корпоративтік қорының директоры;

2003-2005 жылдары Тараз қаласы әкімінің бірінші орынбасары;

2005-2006 жылдары «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ-ның басқарушы директоры;

2006-2007 жылдары Маңғыстау обласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары;

2007-2009 жылдары «Маңғыстау облысы әкімдігінің істер басқармасы» МКҚК-ның директоры;

2009-2013 жылдары «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның басқарушы директоры.