11:20, 06 Мамыр 2009
Қызылорда облысы аудандарында әлеуметтік салада атқарылар істер баршылық
ҚЫЗЫЛОРДА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Кеше, мамырдың 5-інде облыс әкімі Болатбек Қуандықов Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарында жұмыс сапарымен болды.
Сапар барысында Елбасы Жолдауында көрсетілген "Жол картасы" іс-шара жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсаты қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Аймақ басшысы Сырдария ауданындағы сапарын Тереңөзек кентіндегі "Ауыл болашағы ? жастар қолында" атты ауыл жастарының ІV слетінің ашылу салтанатына қатысудан бастады. Болатбек Баянұлы облыстың түкпір-түкпірінен жиналған жастар алдында сөз сөйледі. Ол қазіргі таңда жастар ұйымдары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, көркейту- көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу мен жаңғырту, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу бағытында тиянақты жұмыстар жүргізілуде. Кадрларды даярлау және қайта дайындау мақсатына 450 млн. теңге бөлінді. Бұл жұмыссыз және жұмыстан босап қалған жастарды жаңа мамандыққа баулып, кәсіпке бейімдеуді көздейді. Қызылорда қаласының жолдарын жөндеуге 4 млрд. 300 мың теңге бөлініп отыр. Облыс орталығының көшелерінің абаттандырылуы өзінің атына сай болуы тиіс. Қаланы көркейтуге бағытталған шараларға қатысуды жастардың да парыз санағаны жөн. Бүгінде Сыр өңірінде жастардың 50 қоғамдық бірлестігі жемісті жұмыс жасап келеді. Аймақта тұңғыш рет облыс әкімі, "Жастар бастамаларын дамыту орталығы" қауымдастығы және "Игілік" корпоративтік қоры бірлескен іс-қимыл және әріптестік меморандумына қол қойды. Осылайша жастар қоғамдық бірлестіктерінің 20-дан астам әлеуметтік маңызды жобалары 517 млн. теңгеге қаржыландырылды. Аудандық мәдениет үйінде Болатбек Баянұлы азаматтар үшін жеке қабылдау жүргізді. Кездесулер барысында көптеген мәселелердің басы ашылды. Қабылдауда болғандар білім беру, құрылыс, шағын және орта кәсіпкерлік, жас мамандарды жұмысқа тарту жайларын көтеріп, сауалдарына нақты жауап алды. Бұл дәстүр Жалағаш ауданында жалғасын тапты. Облыс басшысы мұндағы сапарын азаматтарды қабылдаудан бастады. Оған қатысушылар Қараөзек бойындағы су тоспасы құрылысын салуды жалғастыру, шаруашылық құрылымдарындағы инвесторлардың жауапкершілігі, шаруашылыққа ұзақмерзімді несие беру және басқа да мәселелер қамтылды. Мұндай түйінді жайттарды бюджеттен бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту, инвесторлар мен шаруашылық құрылымдары арасында меморандум жасау, екінші дәрежелі банктермен әріптестік іс-қимыл жасау арқылы шешуге болады.Салынғанына 35 жылдай болған №246 орта мектепте болған сәтінде Болатбек Қуандықов "Жол картасы" бойынша атқарылатын жұмыстармен танысты. Оқу орнының жылу жүйесін күрделі жөндеуге 12 млн. теңге, есік-терезелерін ауыстыруға 3 млн. теңге қарастырылған. Осы тірлікті атқару үшін бұнда 32 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аудан әкімі Өмірбек Шәменов аудан көлемінде атқарылып жатқан істермен таныстырып өтті. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бағытында Үкімет дайындаған "Жол картасы" бойынша аймаққа 992 млн. теңге бөлініп, 1429 жұмыс орнын ашу межеленіп отыр. Облыс әкімінің жұмыс сапары кеше түстен кейін Қармақшы ауданында жалғасты. Ол алдымен ?Жаңажол? жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне болып, осында былтырғы жылдан бері іс-тәжірибе ретінде қолданыла бастаған ?Аэросев? жаңа жүйесімен танысты. Шаруашылық жетекшісі Қылышбек Әбішев су келетін арналардың сыйымдылығы 2 мың гектар күрішті суғаруға шамасы жетпейтіндіктен, осындай тәсілге жүгінуге мәжбүр болғанын айтты. Өткен жылы 500 гектар жерге осы технологиямен себілген ресейлік сорттардан 47 центнерден өнім жиналса, биылғы жылы 600 гектар жерге орналастырылатын дәнді дақылдан 60 центнерден жинау көзделуде. Бұдан кейін аймақ басшысы аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің тұқым бағына аялдады. Ұжым басшысы Абай Бекберген жасыл белдеу сызбасымен таныстырып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Былтыр үш гектар жерге түрлі көшеттер егілсе, биыл сегіз гектар жер саялы ағаштармен көмкерілуде. Бұл алқапты 45 гектарға жеткізу үшін 37,5 млн. теңге қарастырылуда. Алайда су келетін жүйені ұзарту үшін қосымша 11 шақырым канал қазу қажет. Аймақ басшысы аудан әкімдігінде бір топ тұрғынды өз өтініштері бойынша қабылдап, мұң-мұқтаждарын тыңдады. Ұлы Отан соғысының ардагері Шәкіман Бектібаев ардагерлерге қамқорлықты барынша күшейту, мектеп директоры Роза Тынымбаева дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашу жөнінде ұсыныстарын білдірді. Жеке кәсіпкер Алмас Қаржаубаев орта және шағын бизнес өкілдеріне банктер арқылы берілетін несиені рәсімдеу барысында кездесетін қиындықтарды айтты.Қармақшы ауданының әкімі Биғали Қаюпов жеті бағыт бойынша облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілігінде жалпы құны 1 млрд. 664 млн. 464 мың теңге құрайтын жобалардың тиісті құжаттары қабылданғанын, облыстық бюджеттен аудандық бюджетке 408880 мың теңге даму және ағымдағы мақсатты трансферттер бөлінгенін хабарлады.