Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қызылорда облыстық Білім басқармасының бастығы Жаңыл Жонтаева айтты.
Оның сөзіне қарағанда, мектеп бітіруші және ҰБТ-ға қатысушы түлектер қатары өткен жылмен салыстырғанда 2 мыңдай оқушыға артты. Мектеп бітірушілердің 301-і - «Алтын белгіден», 217-сі «Үздік аттестаттан» үміткерлер.
Жаңыл Жонтаева 2010 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша Қызылорда облысының білім мекемелерінің орташа балы 88,7 балды құрап, елімізде алғаш рет үшінші орынға көтерілгенін атап көрсетті. «Оның алдындағы жылдары бұл көрсеткіш бойынша 16-шы және 12-ші орындарда тұрғанымызды ескерсек, өткен жылы қандай серпіліс болғанын аңғару қиын емес», - деді ол.
Оның айтуынша, 2010 жылы «Алтын белгіден» үміткер 181 түлектің 130-ы немесе 72,3 пайызы өз білімдерін дәлелдеп шықты. Сондай-ақ мектеп бітіруші түлектердің 1870-і мемлекеттік грантқа ие болып, өздері қалаған мамандықтары бойынша ЖОО-ға түсті. Ал 2011 жылы облыс бойынша түрлі пән байқаулары бойынша 25 оқушы грант иегері атанып отыр.