ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында екі жастағы сәби су толы арыққа құлап, көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға бүгін, 16 мамырда сағат 13.45-те Жаңақорған ауданы Қандөз ауылдық округінде болды. Ата-анасының қарауынсыз қалған 2019 жылғы сәби су жүретін арыққа құлап кеткен.
«Бүлдіршіннің денесі ата-анасының күшімен сыртқа шығарылды», - деп мәлім етті облыстық Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Еске салсақ, бұған дейін көлде катамараннан суға құлап кеткен жігіттің қаза тапқандығы хабарланған еді. Келеңсіз жағдай Шиелі ауданына қарасты Бәйгеқұм елді мекені тұсындағы Ханқожа көлінде болды. 1997 жылғы жігіттің денесін жергілікті тұрғындар жағаға шығарды. Ол ауруханаға барар жолда көз жұмды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.