Қызылорда облысы: Қазалыда көпқабатты 6 тұрғын үй салынуда

ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қазалы ауданында 18 пәтерлі алты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Қазалы ауданында тұрғын үйлер құрылысының алаңында болды. Қазіргі таңда бір тұрғын үйдің құрылысы аяқталған, қалған бесеуі бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бір үйде екі бөлмелік 12 пәтер, үш бөлмелік 6 пәтер болады.

Сондай-ақ аймақ басшысы Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығындағы инженерлік коммуникацияларды жүргізу бойынша атқарылған істермен танысты. 

Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевтың баяндауынша, ауданды дамытудың бас жоспарына сәйкес, алдағы уақытта Әйтеке би кентін Қазалы қаласымен біріктіру жоспарлануда. Қазіргі таңда табиғи газ, ауыз су және электр энергиясын тарту, сондай-ақ жалпы көлемі 500 гектар аумаққа жол салу құрылысы жүзеге асырылуда. Инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстары 2019 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Бұдан бөлек, бүгін Қырымбек Көшербаев Қазалы ауданында ағымдағы жылдың қазан айында «Сенім-Табиғат» ЖШС мен «Байқоңыр» ӘКК бірлесіп салған «Қазалы Керуен» көлік, сауда-логистикалық орталығының жұмысымен танысты. Кәсіпорынның сапаржайы сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсетеді. Нысанда автотұрақ, көлікке техникалық қызмет көрсету және сауда ойын-сауық орталығы қызмет атқарады.