Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі аудандық әкімдікке сілтеме жасап хабарлады.
Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының орынбасары М.Омаров және мәслихат депутаттары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында депуттар жыл бойына атқарылған жұмыстарға тоқталып, халық алдында есеп берді. 2016 жылы Сенат отырысында қабылданған 104 заңның бірқатарына шолу жасалып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Және де қазіргі таңда халыққа әлеуметтік көмек беру бойынша жұмыстар атқарылып жатқандығы жеткізілді. Өз кезегінде тұрғындар тарапынан сауалдар қойылып, тұщымды жауаптар алынды. Халықты толғандырған мәселелер көтеріліп, жұртшылықтың талап-тілектері ескерілді.
Бұдан кейін халық қалаулылары кент орталығында орналасқан №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде болып, білім ордасының жай-күйімен танысты. Ұстаздар қауымымен кездесіп, білім саласындағы өзгерістерге қанықты. Кездесу соңында депутаттар педагогтардың жұмыстарына сәттілік тіледі.