ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Ashyq жүйесі арқылы 1000-нан астам адамның өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның ішінде 689 адам «қызыл», 365 адам «сары» мәртебеде болған. Инфекция жұқтырған болып есептелетін «қызыл» мәртебедегі 689 адамға 4,7 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Ал коронавирус инфекциясымен ауырған адамдармен қарым-қатынаста болған «сары» мәртебедегі адамдарға тиісті қаулы шығарылды.
«Халық арасында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында үй карантині режимін қатаң сақтауды сұраймыз. Қоғамдық орындарға бармауға, COVID-19 індетін тарату қаупінің алдын алуға шақырамыз», - деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Еске салсақ, Қызылордада коронавирус жұқтырғандардың 95 пайызы - вакцина алмағандар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.