ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 101 жастағы соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыров сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол бүгінгі кезектен тыс Президент сайлауында Сырдария ауданының орталығы - Тереңөзек кентіндегі сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Қарт майдангер сайлау усаскесінде бірінші болып дауыс берді.
«Бүгінгі маңызды шара бірлікті ту етіп отырған еліміздің алдағы дамуына негіз болады. Сондықтан оған әрбір азамат бей-жай қарамау қажет», - деді Яхия Тасыров.
Айта кетсек, Қызылорда өңірінде 373 сайлау учаскесі бар. Өңірде 482 934 сайлаушы тіркелген.
Барлық учаскелерде мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін тиісті жағдай жасалған. Облыс бойынша мүгедектігі бар сайлаушылар саны 20 071 адамды құрайды.
Еске салсақ, елімізде бүгін кезектен тыс Президент сайлауында дауыс беру басталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.