Қызылорда облысында 154 мыңнан астам адам ревакциналанды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 154 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылдың 22 қарашасынан бастап вакцинаның 2 компонентімен қамтылып, 6 ай аралық мерзім өткен азаматтарға бустерлік дозаны егу қолға алынды. Бұл бойынша коронавируспен ауырған адамдарға да аталған мерзім бекітілген.

«Облыс бойынша ревакциналау қарқыны жаман емес. Еліміз бойынша алдыңғы қатарда келеді. Өткен жылдың 22 қарашасынан басталған ревакцинациядан 154 637 тұрғын өтіп, вирусқа қарсы иммунитетін күшейтті», - деп мәлім етті облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Ведомство мәліметінше, облыстағы барлық екпе кабинетінде ревакцинация, вакцинация жасауға екпе қоры жеткілікті. Қызылорда облысы бойынша 22 медициналық мекемеде коронавирус инфекциясына қарсы егу жұмыстары жүргізілуде. Олардың 13-і қалада орналасса, 9-ы аудандарда қызмет көрсетеді.

Еске салсақ, 3-7 наурыз аралығында Қызылордада төрт күн бойы коронавирус жұқтыру дерегі тіркелген жоқ.

Ал 8 наурыз күнгі көрсеткіш бойынша 1 адамнан коронавирус анықталды.