ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында өткен жылдан бастап 16 509 адам коронавирус жұқтырған. Олардың 78,9%-ы биылғы жылы анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде бүгінде эпидахуал біршама тұрақталды. Облыс «сары» аймақтағы орнын сақтап тұр. «Күз мезгілі тұмау, салқын тию секілді ауру инфекцияларын қоздырады. Бұл кезеңде коронавирус инфекциясы тұмаумен араласып, аурудың асқыну қаупі бар. Сондықтан вакцина алып, сақтық шараларын сақтаған жөн. Дегенмен босаңсуға әлі де ерте», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жалғасбек Үсенов.
Облыста өткен жылдан бастап коронавирус инфекциясын жұқтырудың 16 509 дерегі тіркелген. Оның 21%-ы 2020 жылғы есепке алынса, 78,9% биыл анықталған.
Барлық тіркелген коронавирус инфекциясының 2% сырттан тасымалданған. 58% скрининг тексеру нәтижесінде анықталса, 40% қарым-қатынас арқылы жұқтырғандығы белгілі болды. Еске салсақ, Қызылорда облысында 3 374 нысан Ashyq жүйесіне қосылған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.