Қызылорда облысында 18 науқас жансақтау бөлімінде жатыр
Өткен тәулікте өңірде 9 адам коронавирус жұқтырды. 2020 жылдың наурыз айынан бері қатерлі індетке шалдыққандар саны 23 949 адамға жетті.
Облыс бойынша инфекциялық стационарда 156 науқас ем қабылдаса, реанимациялық төсек-орында 18 науқас жатыр.
Облыста коронавирусқа қарсы иммундауға 106 екпе кабинеті, оның ішінде аудандарда 91 кабинет тартылған. Аудандарда, ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде (ірі сауда ойын-сауық орталықтары, базарлар және басқалары) коронавирусқа қарсы вакцинациялау жүргізілуде. Онда арнайы оқытылған медициналық мамандар халыққа қызмет көрсетеді.
«Облыста вакцинацияның бірінші компонентімен егілгендер саны - 422 189 адам. Ол - екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 93,3 пайызы. Екінші компонентпен қамтылғандар саны - 409 864 адам. Аймақта санитарлық эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына байланысты өңір «жасыл» аймақ қатарында. Дегенмен сақтық шараларына салғырт қарауға әлі ерте», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.
Еске салсақ, Қызылорда облысында 124 адам үйде оқшаулану тәртібін бұзған.