Қызылорда облысында 1938 жылы туған азаматтарға «Тыл ардагері» мәртебесі берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қармақшы ауданы әкімдігі жанындағы 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр кезеңінде кемінде 6 ай жұмыс істеген азаматтардың жұмыс стажын белгілеу жөніндегі арнайы құрылған комиссия 2015 жылы Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда жұмыс істегені жөнінде 1938 жылы туған азаматтардың өткізген құжаттарында дәлелді айғақтардың болмауына байланысты еңбек өтілін белгілеуден бас тартқан.

Бұл туралы Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Зұлмат жылдардың зардабын тартқан ақсақалдардың өтініштерінің қолдау таппауы және халықтың әл-ауқатын жақсартуына әрі қауіпсіздігіне, ауданның одан әрі дамуына, күрделенген және жылдар бойы шешілмей жатқан мәселелерді шешу жолдарын қарастыру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қармақшы аудандық прокуратурасы «1938 жылы туылған азаматтарға «Тыл ардагері» статусын беру» Жобасын әзірледі.

Жоба аясында енгізілген прокурорлық ықпал ету актісі негізінде 35 ардагерге Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда жұмыс істегені жөнінде жұмыс өтілі белгіленіп, олардың құқықтары қорғалды.

Қазіргі таңда, аталған тыл ардагерлерінің әрқайсысына айы сайын 4 518 теңге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленуде.