Қызылорда облысында 278 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 278 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысында тұрғындарға екпе салу 1 ақпаннан басталды. Бүгінде күніне 1 300-1 500 адам екпе салдырады. Екпе кабинеттерінің 3 500-ге дейін жүктемені орындауға мүмкіндігі бар.

Қазірге дейін 278 772 адам вакцинаның бірінші компонентін қабылдаса, екінші компонентін салдырғандар 230 870 адамға жетті.

«Аурушаңдық деңгейінде төмендеу тенденциясы бар. Мемлекеттік қызметшілер, дәрігерлер, мұғалімдер арасында ұжымдық иммунитет қалыптасқанын байқадық. Себебі коронавирус инфекциясымен ауырғандар саны азайған. Ал, ем алып жатқандардың 98 пайызы вакцина алмағандар екенін баса айтқымыз келеді», - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Екпе қабылдағандар қатарында педагогтер, медицина саласының мамандары, құқық қорғау органы қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, студенттер саны басым.

Айта кету керек, коронавирус инфекциясына қарсы иммундау науқанына 106 екпе кабинеті мен 37 жылжымалы пунктің жұмысы ұйымдастырылған.

Еске салсақ, Қызылорда облысында 3 374 нысан Ashyq жүйесіне қосылған.