Қызылорда облысында 41 жоба жүзеге асырылмақ

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының экономикалық көрсеткіштерінде өсім бар. Бұл жөнінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жартыжылдық қорытындысы негізінде депутаттар алдында есебінде жан-жақты айтып берді, леп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақта есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі - 0,5%, өңдеу өнеркәсібі - 14,6%, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі - 2,8%, инвестициялар – 13,6%, оның ішінде жеке инвестициялар – 5,9%, құрылыс жұмыстары – 34%, пайдалануға берілген тұрғын үйлер - 5,3% және бөлшек сауда – 1%-ға өсті. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,1%-ға артып, 49 808 бірлікті құрады. Жыл басынан бері экономика салаларында 16 464 жаңа жұмыс орыны құрылды, оның 6328-і тұрақты жұмыс орны. Жұмыссыздық деңгейі - 4,9%. Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын 41 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.

«Есепті кезеңде индустрияландыру картасының іске асырылған жобаларымен шығарылған өнім көлемі 8 млрд. теңгеге артып, жалпы 18 млрд.теңгені құрады. Экспорт 24,3%, ал экспорттаушы елдер саны 8-ден 12-ге дейін өсті. Биылдың өзінде 48,5 млрд.теңгеге 506 жұмыс орны құрылатын 4 жоба іске асырылады. Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелері де бақылауда», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыстық бюджетті қалыптастырудағы басым бағыттардың бірі - «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру. Бағдарламаның республикалық Жол картасының іс-шараларын іске асыруға жыл басынан бері 2,3 млрд теңге, ал өңірлік Жол картасына 362,8 млн теңге бөлінген.

Арал ауданында биыл құрғақшылық салдарынан ірі қара шығыны тіркелді. Нәтижесінде төтенше жағдай жарияланып, облыстың төтенше резервінен тиісті қаржы бөлінуде. Ірі көлемдегі шараларға қажетті қаражат көлемі есептеліп, Үкіметке жолданды. Алдағы уақытта Үкімет резервінен де тиісті қаржы бөлінеді деп күтілуде.

Жедел шараларды атқару нәтижесінде аталған жағдай дер кезінде тұрақталып келеді. Бүгінгі күні 1767,6 тонна жоңышқа, 50 тонна жем жеткізілді. Қосымша 406 тонна жоңышқа мен 60 тонна арпаға тапсырыс берілді. Облыс бойынша малға қажетті 942,4 мың тонна азықтың бүгінгі күнге 181,1 мың тоннасы дайындалды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Аймақ басшысы депутаттық корпус тарапының облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы алғашқы кезекте шешуді қажет ететін өзекті мәселелер мен ұсыныс пікірлері ескерілетініне тоқталды. Бірқатар маңызды жобаларға республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінуде.

Айта кетерлігі, Қызылорда облысында жол желісін дамыту жақсара түсті.


Әділжан Үмбет.