ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 2018 жылдың басынан бері теріс себептермен 5 мемлекеттік қызметші атқарып отырған қызметінен босатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл өткен жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда 3,5 есеге азайып отыр. Биылғы алты айдағы теріс себептермен қызметтен босатылғандардың екеуі сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны, екеуі мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтары үшін және бір мемлекеттік қызметші дәлелді себепсіз 3 сағаттан астам уақыт жұмыста болмағаны үшін қызметтен босатылды», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов.
Сондай-ақ, облыс бойынша жыл басынан бері 48 мемлекеттік қызметші, оның ішінде басшы құрамдағы 14 қызметші өз өтінішіне сәйкес қызметтен кеткен. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында штат бойынша 3737 қызметшінің орнына 3588 мемлекеттік қызметші жұмыс жасауда.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.