Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Үкімет отырысында осындай дерек келтірді.
«Алматы облысында су ресурстарының тапшылығын қысқарту мақсатында облыс әкімдігі ылғал сыйымды дақылдардың, оның ішінде Балқаш ауданында күріштің егістігін 1 мың гектарға азайтты.
Облыстың барлық су қоймалары вегетациялық кезеңге бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейді.
Жамбыл облысында да, бұрын айтылғандай, мемлекетаралық пайдалану объектілеріне су беру кестелері бекітілді.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта облыс аумағында суару желілерін реконструкциялау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өту қажет. Суармалы су беру айналма каналдар арқылы жүзеге асырылуда», - деді ведомство басшысы.
Оның мәліметінше, Түркістан облысында биыл күріш алқабы 600 гектарға дейін қысқартылған.
«Қызылорда облысында күріш алқабы 78,3 мың гектарға дейін төмендеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 5 мың гектарға аз. Сондай-ақ, Үкімет резервінен ұңғымаларды жөндеу мен бұрғылауға, сорғы қондырғыларын сатып алуға 3,6 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді», - деді Серікқали Брекешев.
Министрдің айтуынша, биыл Шардараға 5 млрд текше метр су жинауға мүмкіндік бар.