ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 53 киікті атып алған браконьерлер қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Оның барысында жойылып кету қаупі төніп тұрған киік жануарын заңсыз атып, оның мүйізі мен етін тасымалдап, сақтап, өткізген 3 тұрғын ұсталды.
«Олардың тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында жол талғамайтын екі автокөлік, 53 киік аңының тушасы, 12 мүйіз, 12 калибрлі тіркелмеген аңшы мылтығы мен пышақтар айғақзат ретінде тәркіленді», - деді Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.
Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.