Басты мақсат - қоғамдағы әлеуметтік әлжуаз топтарды қолдау, өмірге деген талпыныстарын ояту, өмірлік кедергілерді жеңуіне жәрдемдесу. Шараға қатысқан аудан әкімі Нажмадин Шамұратов «Садақаңды сауыңда бер» - деген тағылымды сөзді тағы бір еске салып, барша тұрғындарды қайырымдылық акциясына белсене қатысуға шақырды. Акция аясында аудан әкімі, мекеме-кәсіпорындар басшылары тарапынан жиналған киім-кешек түрлері көмекке мұқтаж азаматтарға таратылды.
Айта кетейік, өткен жылы Қазалы ауданында «Барлығы да рахмет үшін!» әлеуметтік дүкені ашылып, жыл көлемінде 800-ден астам көмекке мұқтаж жандарға киімдер тегін таратылды. Ерекше сауда орындарындағы тауарлар ақшаға емес, адамның бір ауыз алғысы үшін берілді.
Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай аудандағы тұрмысы төмен отбасылардың тізімі жасақталып, дербес бөлім, мекеме-кәсіпорын басшылары, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері тарапынан 400-ден астам жанға қайырымдылық көмектері (азық-түлік, көмір, киім-кешек, т.б.) көрсетілді. Қайырымдылық шарасы биылғы жылы да түрлі бағытта жалғаспақ.