Қызылорда облысында 81 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 81 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде ревакцинация жасау үшін екпе қоры жеткілікті. Облыста ревакцинация үшін «QazVac», «SinoVac», «Pfizer», «Спутник Лайт» препараттары қолданылуда.

Өткен жылдың қарашасынан басталған ревакцинациядан барлығы 81 154 адам өтті. Басым көпшілігі - облыс орталығының үлесінде. Ал аудандар бойынша жоғары көрсеткіштер Арал, Қазалы, Жаңақорғанға тиесілі.

«Ревакциналау бойынша медицина қызметкерлері, мұғалімдер мен күштік құрылымдар қызметкерлері көш бастап тұр. Сондай-ақ, 60 жастан асқан адамдардың үлесі жоғары. Студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар арасында да ревакцинациялау көрсеткіші арта түсті. Облыс көлемінде иммундаудан кейін асқыну жағдайы тіркелген жоқ», - деп мәлім етті облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Еске салсақ, Қызылорда облысында коронавирус жұқтырғандар қатары төмендеп келеді.