Қызылорда облысында 9 млрд. теңгенің қаржы тәртібін бұзушылығы орын алды

ҚЫЗЫЛОРДА. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысында былтырғы жылы 9 млрд. теңгеден астам қаржы тәртібін бұзушылық орын алған.

Бұл туралы облыстық Қаржы бақылау инспекциясындағылар хабарлады.

«2010 жылдың 12 айында облыста республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 424 нысанға 587, жергілікті бюджетке қарайтын 208 субъектіге 277 тексеру жүргізілді, - дейді инспекция бастығы Рысбек Мәмбетов. - Фискалды органдардың тексерулерінен кейін 7 млрд. теңгеден астам қаржы бюджетке қайтадан қайтарылды. Бұл барлық анықталған соманың 76,6 пайызын құрайды». Осы тәртіп бұзушылықтардың нәтижесінде 327 лауазымды тұлға жауапқа тартылған.

Сонымен қатар жасалған тексерулердің қорытындысымен қаржы полициясының қарауына 100 материал өткізілді. Оларда 405 млн. теңгеге жуық қаржыны жаратудың тәртібі бұзылғаны атап көрсетілген.