Сыр өңірінде кейбір тауар мен қызмет түрлері бағаларының басқа өңірлерге қарағанда айрықша жоғары қарқынмен көтеріліп кеткені байқалады. Айталық, қызылордалықтар қазан айында тұрғын үй, су, электр қуаты, газ және жылу бағаларының мұның алдындағы қыркүйек айымен салыстырғанда, 102,2 пайызға артқанын енді сезінеді. Бұл баға жөнінен Қызылорда алдына тек Атырау облысын ғана салып отыр. Үй бұйымдарын қымбаттату бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан кейінгі екінші орын да осы өңірде байқалды. Сол сияқты көлікте жүру бағасының қымбаттауы да алдыңғы қатарда. Ал электр қуаты бағасына алдағы жылы тағы да жоғары үстеме қосылатыны қазірден белгілі.
Өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда, облыста басқа да біршама қымбаттаушылықтар бар. Бұлар жоғарыда көрсетілген тауарлар мен қызмет түрлерінен басқа, алкогольді ішімдіктер мен темекі бұйымдарынан, демалыс пен тынығуға төленетін ақыдан, мейрамханалар мен қонақүйлер бағаларынан көрініс табады. Ал азық-түлік түрлеріне келсек, өткен айға қарағанда, әртүрлі жарма түрлері, ет және ет өнімдері, май және көкөніс-бақша өнімдері, балық, алкогольсіз сусындар айтарлықтай қымбаттады. Азық-түлік емес тауарлар арасынан бензин мен мен дизель отыны, үй жарақтарын атап өтуге болады. Сонымен қатар Қызылорда өткен аймен салыстырғанда, жылудың бағасын қатты көтерген екі облыстың бірі болып табылады.