Қызылорда облысында апатты жағдайдағы денсаулық нысандарының мәселесі шешілмек

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Биыл Қызылорда облысында апатты жағдайдағы денсаулық сақтау нысандарының мәселесін шешуге басымдық беріледі.

Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев 15 ақпан күні өткен халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

2016 жылы облыста 200 орынға лайықталған көпсалалы балалар ауруханасы мен Қызылорда қаласының, Арал, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған және Шиелі аудандарының елді мекендерінде 11 дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді.

Осы күндері Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі 150 орынға лайықталған орталық аудандық аурухананың құрылысы жүруде.  Жаңақорған кентіндегі 250 келушіге арналған емхананың құрылыс жұмыстары да жалғасын табатын болады. Олар осы жылы аяқталады деп күтілуде.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық апатты жағдайдағы нысандар мәселесінің шешілуі мен олардың материалдық-техникалық базасының нығаюына беріліп отыр.

«Биыл апатты жағдайдағы аурухананың орнына жаңа Арал орталық ауруханасының (150 орындық) құрылысын бастаймыз. Бұдан соң, Шиелі аудандық орталық ауруханасының да құрылысын жоспарлап отырмыз. 2016 жылдың қаңтарында облыстық онкологиялық орталығында онкопатологиямен ауыратын сырқаттарға паллиативті көмек көрсету мақсатында алғаш рет хоспис бөлімі ашылды. Бұрындары осындай ауруға шалдыққан науқастар өз қасіретімен, проблемасымен оңаша қалса, бүгінгі медицина науқастарды өмірге қайта бейімдеу үшін барлық көмегін жасауда»,-деді аймақ басшысы.