Қызылорда облысында аптап ыстық шарықтау шегіне жетуге жақын
09:15, 12 Шілде 2010
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 12-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Биылғы жаз басталғалы көтеріліп кеткен Сырдың бойындағы аптап ыстық осы күндері өзінің шарықтау шегіне жақындап келіп қалған сияқты. Қырық күн шілденің өне бойында үйіріліп тұрған аптап қазір қырық градустың маңайына жетіп тұр.
Үп етіп соғатын лебі жоқ алапат ыстық бүгін таң азаннан апшыны қуырып келеді. Бір ғана көңілге медет ететініміз, осыдан бес-алты күн бұрын биылдыққа жаумаған жауын аумақты бір дүр сілкіндіріп өткен. Сол жауын бүгін тағы қайталана қалса, жанға әсте жаман болмас еді.