«Өздеріңізге белгілі, Елбасының бастамасымен Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жөнінде Қазақстан ауқымды шаралар нәтижесінде, Арал өңірінің ата кәсібі - балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды дамуда. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі мен Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы біз үшін көрші мемлекеттермен байланыс жасауға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік беруде. Соның айқын дәлелі - бүгінгі слетке қатысып отырған ресейлік кәсіпкерлерімізбен бірігіп салған Ресейдің Ульяновск облысындағы «Димитровград балық өлкесі» балық өңдеу зауыты. Зауытқа шикізат негізінен Арал теңізінен жеткізіледі. Балықтың сапасы жақсы, нарықтағы сұранысы да жоғары»,- деп атап өтті облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде арал балығы Данияға, Польшаға, Ресейге, Грузияға және Әзербайжанға экспортталады, ал Арал теңізінен жылына 8 мың тоннаға жуық балық ауланады.
Сондай-ақ слетке «Каттагеттен Арал теңізіне дейін» жобасына қатысушылардың бірі, «Тірі теңіз» бірлестігінің зерттеуші-ихтиологы Ян Кристиан Грюйер Ларсен қатысты.
«Кезінде, судың тұздануынан Арал теңізінде жалғыз қалған камбала балығын аулауды даниялық Курт Кристенсен бастаған балықшылар үйретіп, «Каттегаттан - Аралға дейін» жобасын жүзеге асырды. Бірлесіп жасалған жұмыстың нәтижесінде балықтың 22 түрі қайта пайда болып, балық өндіру көлемі бірнеше есе өсті,- деді Қырымбек Көшербаев.
Слет барысында балық шаруашылығы саласының ардагерлері мен бірқатар жұмысшылар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімінің медальдарымен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.