Қызылорда облысында Астанаға газ тартуға мүмкіндік беретін компрессорлық станция іске қосылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ вице-президенті Қайрат Шәріпбаев жаңа «Қараөзек» компрессорлық станциясының салтанатты ашылу рәсімінде болды. Пайдалануға берілген станция болашақта Астана қаласын және еліміздің солтүстік өңірлерін газдандыруға   мүмкіндік бермек. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА тілшісі хабарлады

-Ең маңыздысы, «Қараөзек» станциясының құрылысы алдағы уақытта елордамыз Астана қаласын және солтүстік өңірлерді газдандыру жұмысын есепке ала отырып жоспарланған. Болашақта елордаға газ тарту жұмыстары қасиетті Сыр елінің жерінен бастау алады. Елбасының қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистралды газ құбыры Сыр еліне зор мүмкіндік берді. Облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ құбыры Қызылорда облысын газдандыруға жол ашты. Бұл Мемлекет басшысының бізге жасаған тікелей қамқорлығы. Аталмыш станцияның іске қосылуы газ саласы қызметкерлерінің Астана күніне жасаған сыйы, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жаңа компрессорлық стацияны іске қосу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Жаңа станцияның мүмкіндігі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбырының өткізгіштік қабілетін 10 млрд. текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.  Газ құбырының жалпы ұзындығы - 1534 шақырым, оның  180 шақырымы Қызылорда облысы аумағынан өтеді. Жобаның 1-ші кезеңінде Астана қаласы, Қарағанды облысы және Ақмола облысының оңтүстік аудандары газдандырылмақ.

Атап өту керек, Қызылорда облысы әкімдігі мен "ҚазТрансГаз Аймақ" Акционерлік қоғамы арасында жасалған меморандумға сәйкес 4 ауданның орталығы (Арал, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған) және Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату станциялары мен ішкі газ құбырларының құрылыстары жүргізілді. Бұған жалпы сомасы 23 млрд. теңге қаржы бөлінді.

«Қараөзек» компрессорлық станциясы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырынан 944 шақырым қашықтықта орналасқан, осы жылғы сәуірде Ақтөбе облысында пайдалануға енгізілген «Бозой» станциясымен қосарлы жұмысқа есептелген.