Қызылорда облысында автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, екі адам көз жұмды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласы аумағында автобус пен жеңіл автокөлік соқтығысып, екі адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото; Қызылорда облыстық полиция департаменті

Оқиға бүгін, 14 шілде сағат 7.00 шамасында Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат ауылы аумағында болған.


«Шымкент-Самара» тасжолы бойында автобус пен жеңіл автокөлік соқтығысып, жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты.

Автобустың бір жолаушысы медициналық мекемеде көз жұмды. Автобус жүргізушісі және 3 жолаушысы дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.

«Оның біреуіне алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда тұрғынынан 41 түп сора өсімдігі тәркіленді.