Қызылорда облысында балабақшада бүлдіршіндер еденде жатуға мәжбүр болған
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желіде Қызылорда облысында балабақша бүлдіршіндері орын тапшылығынан еденге жатуға мәжбүр болған деген ақпарат тарады. Бұған байланысты облыстық білім басқармасы тексеру жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото: facebook.com/uitolgan
Әлеуметтік желіде Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы балабақшада бүлдіршіндердің орын тапшылығынан еденде жатуға мәжбүр болғаны жөнінде айтылып, суреттері жарияланған. Сондай-ақ, суретте сәбилердің бір адамдық орында екі-үшеуден жатқанын көруге болады
Бұған байланысты облыстық білім басқармасы түсініктеме берді.
«Қызылорда облысының білім басқармасы аталмыш мәселеге қатысты төмендегіні мәлімдейді. Облыстық білім басқармасы бүгінде арнайы жұмысшы тобын құрып, аудандағы балабақшаға зерделеу жұмыстарын жүргізуде.
Аталған зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша кемшіліктер анықталған жағдайда тиісті құзырлы органдарға ұсынылып, заң аясында шешімдер қабылданады», - деп жазылған басқарма хабарламасында.
Еске салсақ, Қызылордада жіті ішек ауруларына ұшырағандардың 87%-ын балалар құрайды.
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.