Қызылорда облысында балалардың жаңа демалыс лагері салынады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Қызылорда облысының Қармақшы ауданында балалар тынығатын жаңа лагерь бой көтереді.

Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі аудандық әкімдікке сілтеме жасап хабарлады.

Осыдан 10 жыл бұрын Сырдарияның суы тасып, жағалаудағы жалғыз «Жасұлан» лагерін шайып кеткен еді. Содан бері қармақшылық оқушылар демалу үшін көрші аудандарға немесе Көкшетау мен Алматыдағы лагерьлерге аттандырылады.

Дені мектеп жанындағы үйірмелерге ғана барады. Бұл мәселе енді шешімін тапты. Облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд 280 млн теңгеге бір маусымда мың оқушыны қабылдай алатын жаңа демалыс орны салынбақ. Жаңа лагерьде оқушылардың білімін арттыруға арналған Ұлттық бірыңғай тестке даярлау орталығы да жұмыс жасайтын болады.

«Лагерь жыл бойы жұмыс жасайтын болады. Онда жазда ғана емес, қыс айларындағы демалыс мезгілдерінде мектептен тыс, сабақтан тыс олимпиадалар өткізілп тұрады», - дейді аудан әкімі Сұлтан Мақашов.