ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысындағы Қарашалаң су айдынында балық шабақтарының қырылу оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«18 ақпанда сағат 16.30 шамасында Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бөген ауылдық округіне қарасты Қарашалаң су айдынына балық шабақтарының қырылу оқиғасы тіркелді. Ол Сырдария өзенінен су алатын Сағынбай арнасында орналасқан. Оны жергілікті халық Көгіш деп атайды. Жедел түрде құзырлы органдардың бірлесіп жұмыс жасау алгоритміне сәйкес қажетті іс-шаралар қолға алынды», - деп мәлім етті Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Аслан Жеңісов.
Ведомство мәліметінше, бұл бағытта Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы тарапынан арнайы топ құрылған. Мамандар оқиға болған жерге аттанған. Қосымша ақпарат кейін жарияланады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.