Қызылорда облысында басшылардың кабинеті бекітілген нормадан асып кеткен

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында мемлекеттік органдар орналасқан алаңдар белгіленген нормадан асып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті облыстық қаржы басқармасы, облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен бірлесіп түгендеу шараларын жүргізді. Осының нәтижесінде аймақтағы 403 мемлекеттік органның орналасқан алаңдары анықталды.

«Аталмыш мақсатта облыстық, қалалық және аудандық арнайы жұмысшы топтары құрылды. Түгендеу бойынша мемлекеттік органдарда 13799 шаршы метр алаң белгіленген нормадан асып кеткен. Нақты айтқанда, орталық мемлекеттік органдардың облыстағы құрылымдық бөлімшелерінде 2766 шаршы метр алаң артық. Ал жергілікті атқарушы органдарда 11033 шаршы метрге норманың сақталмауы белгілі болды», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байқожаев.

Түгендеу шаралары барысында мамандар кабинет алаңдарының бекітілген нормативтен асып кеткендігін анықтады. Атап айтқанда, мемлекеттік орган басшылары кабинеттері - 2592, басшылардың қабылдау бөлмелері - 915, орынбасарлардың кабинеттері- 1099, қызметкерлердің кабинеттері - 3660, ортақ қолданыстағы бөлмелердің алаңдары - 5260 шаршы метрге артық болған.

Ендігі кезекте анықталған артық алаңдарды басқа мекемелердің пайдалануына беру, жеке және заңды тұлғаларға жалға беру мүмкіндігін қарастыру жоспарланып отыр. Артық және бос тұрған алаңдарды жалға беру беру арқылы бюджетке кіріс түсіру көзделуде.