Қызылорда облысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі құрылысының жұмысы жоғары қарқынмен жүргізілді
Жалпы, 2010-2012 жылдар аралығында жүргізілетін бұл күрежол құрылысы салынуының биыл екінші жылы басталады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Өмірбек Шәменовтің айтуынша, облыс аумағында салынатын 811,7 шақырымдық жолдың жалпы жобалық құны 154 млрд. теңгені құрайды. Ал бұл жұмыстар бас мердігерлер ретінде үш итальяндық және бір түрік-әзербайжан бірлескен компанияларына сеніп тапсырылған. Оларға жергілікті жерден онға жуық кәсіпорындар қосымша күш ретінде қатысуда. Жыл ішінде аталмыш автобан жұмысына 4698 адам жұмысқа тартылған. Мұның 298-і шетелдік, 2604-і жергілікті азаматтар болса, қалған 1796-сы республиканың басқа аумақтарынан келгендер болып табылады.
Жыл ішінде аталған компаниялардың барлығы да жұмыстарын қарқынды жүргізіп, алдын ала белгіленген межелердің үдесінен шыға білді. Соның ішінде итальяндық «Салини» компаниясы өзгелерден озық көрінді. Облыс аумағынан өтетін 811,7 шақырым жолдың 408,8 шақырымын салуды өз мойнына алған бұл компания жұмыс көлемінің көптігіне орай жергілікті жерден сегіз қосалқы мердігерді жұмысқа тартты. Негізгі жұмысын Арал ауданының аумағында жүргізіп жатқан ол жыл соңына дейін 120,6 шақырым айналма жол салып, 50,7 шақырым жолдың негізгі қабатын дайындады. Сондай-ақ, 40,6 шақырымға бір қабатты асфальт төсесе, 14,4 шақырымға екі қабатты асфальт қоспасын төсеу жұмыстарын толық аяқтап шықты.
Итальяндық келесі «Тодини» компаниясы Жаңақорған және Шиелі аудандарының аумағында ұлан-ғайыр жұмыстар атқарды. Ол осы екі аудан көлемінен жалпы ұзындығы 217,8 шақырым жол салуды қолға алған. Компания өзіне қосалқы күш ретінде он мердігерлік мекемені жұмысқа тартқан. Осыншама күш-қуаты бар кәсіпорындардың басын қосқан компания жыл соңына дейін 98,9 шақырым жолдың негізгі қабатын дайындап, оның 90,8 шақырымына бір қабатты, ал 51,1 шақырымына екі қабатты асфальтты-бетон қоспасын төсеу жұмыстарын атқарып шықты. Сөз ретінде келгенде айта кететін жәйт, жергілікті жердегі «УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белсенділік танытып, құрылыстың қарқынды жүргізілуіне өз үлесін қосып келеді. Соның айғағы ретінде айтар болсақ, серіктестік бүгінге дейін 32 шақырым жолға екі қабатты асфальт төсеп, бір жолақ бойынша көліктерге қозғалыс жолын ашып берді.
Итальяндық үшінші кәсіпорын - «Импреза С.п.А» компаниясының жұмыс ауқымы бұларға қарағанда едәуір аздау. Үш қосалқы мердігермен келісім-шарт жасасқан компания 49 шақырым жол салуды мойнына алған. Қазір соның 13 шақырымына айналма жол салынып, 3 шақырымының негізгі қабаты дайындалған. Жол салушылардың төртіншісі - «Аккорд Окан» бірлескен кәсіпорны үш қосалқы мердігермен келісім-шарт жасасқан. Оның салатын жолының ұзындығы - 107,5 шақырым. Кәсіпорын қазірге дейін 23,6 шақырым айналма жол салып, 4,8 шақырым жолдың негізгі қабаты мен 2 шақырымға бір қабатты асфальтты-бетон қоспасын төсеген. Біріккен кәсіпорын бұл ауданда 44 шақырым жол салады. Оның 16 шақырымы ауданға қарасты Шаған және Ақжарма елді мекендерін айналып өтеді.
Аталмыш мегажобаны жүзеге асыру барысында облыста жаңадан 18 асфальт зауыты мен 7 шағын тас зауыты қатарға қосылып, құрылысқа қажетті материалдар жергілікті жерден дайындалу үстінде.